ҚҰНДЫ СЕРТИФИКАТТАР | «ИННОВАЦИЯ. ТҰРАҚТЫЛЫҚ. БОЛАШАҚ» ХАКАТОНЫ
6В08303 – «Орман ресурстары және аңшылықтану» білім беру бағдарламасының, «Шәкәрім университеті», Ветеринария және ауыл шаруашылығы зерттеу мектебінің білім алушылары «Ауыл» партиясы мен Acapedia Kazakhstan Limited бірлесе ұйымдастырған жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасындағы «ИННОВАЦИЯ. ТҰРАҚТЫЛЫҚ. БОЛАШАҚ» атты зияткерлік әлеуетті дамытуға бағытталған интеллектуалдық хакатонға қатысты.
Байқаудың негізгі мақсаты – студенттердің интеллектуалдық әлеуетін дамыту, тұрақты даму, ақпараттық технологиялар мен білім беру салаларында жобалардың прототиптерін әзірлеу, экологиялық трансформацияға ықпал ететін талантты жастар мен стартаптарды қолдау, сондай-ақ оқу үдерістерінде жасыл технологиялар жөніндегі хабардарлықты арттыру.
Орманшылар ұсынған «Орман шайы – табиғи антиоксидант көзі» тақырыбындағы стартап өзектілігімен ерекшеленіп, «Ауыл» партиясының өкілдері тарапынан жоғары бағаланды. Комиссия мүшелері қатысушыларды түрлі шай түрлерін дегустациялау іс-шараларына әрі қарай қатысуға шақырды.
Команда құрамына 4, 3 және 2 курс студенттері − Жайлаубекова А., Мукинова Е., Қасымова А., Амангелдинова Е.К., Қақантаева Н.Т. кірді.
Ғылыми кеңесшілер – «Ауыл шаруашылығы» кафедрасының оқытушылары Джаманова Г.И. және Байгазакова Ж.М.
Барлығы 11 жоба ұсынылып, олардың әрқайсысы жаңашылдығымен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленді. Іс-шара жобаларда ұсынылған жаңа ақпараттарды талқылаумен және қатысушыларға сертификаттарды құрметпен табыстаумен аяқталды.
Алдағы уақытта біздің жас зерттеушілер орманшылар арасындағы өзекті тақырыптар бойынша мемлекетаралық іс-шараларға қатысуды жоспарлап отыр.
Жаңа жеңістер мен табыстар тілейміз!